Еуропа мен әлемге Украинаның жеңісі керек
2022 жылдың 24 ақпанында Ресейдің жүз мыңдаған әскерімен Украина жеріне басып кіруімен ірі геосаяси дағдарыс бастау алды. Екі жыл бойы Еуропа континенттегі II дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ірі басқыншылық соғыстың ауыр шындығымен және кең таралған, жан түршігерлік зұлымдықта өмір сүруде.
Ресейдің қазіргі жасап жатқан әрекеті – ХІХ ғасырдағы империялық және отаршылдық басқыншылықтың классикалық үлгісі. Украина көптеген басқа елдер бұрын куә болған ауыр жағдайды бастан кешіруде. Ресей үшін бұл соғыс ешқашан Украинаның бейтараптығымен, НАТО-ның кеңеюімен, орыс тілділерді қорғаумен немесе басқа да қисынды сылтаулармен байланысты болған емес.
Ресей Президенті Владимир Путин Украинаның мемлекеттігін жоққа шығарып, украиндық бірегейліктің жасанды екендігі туралы талай рет айтқан болатын. Соғыс тек тәуелсіз елді ойрандап, жерін басып алып, өз тағдырының иесі болуға бел байлаған халық үстінен үстемдігін қалпына келтіру үшін жүргізіліп отыр. Ресейдің империялық амбициялары бұрын отаршылдық үстемдік пен езгіге ұшыраған дүние жүзіндегі көптеген елдерге жақсы таныс екені даусыз.
Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясының салдары Еуропадан тыс елдерде де сезілуде. Соғыс азық-түлік қауіпсіздігі мен энергетика бағасына әсер етті. Жалған ақпарат тарату мен саяси тұрақсыздықтың жаппай науқандары осы соғыспен қатар жүрді. Бұл «сілкіністер» шынымен жаһандық сипат алды. Путин әлеменің пайдакүнемшіл сипатын арттыруға кесірін тигізіп отыр. Ол Африкада Вагнер тобын орналастырды, көтеріліс ұйымдастыру арқылы басқа елдерді тұрақсыздандырды және Украинадағы егістіктерді жүйелі түрде өртеп, қойма инфрақұрылымын қиратып, маңызды теңіз экспорттық жолдарын жауып, өзі тапшы еткізген астықты ұсынып, аштық қаупімен қорқыту арқылы экономикалық мәжбүрлеу әдісіне жүгінді.
Көріп тұрғанымыздай, соғыс пен оның салдары барлық елдерге әсер етті. Ресей жеңіске жетсе, «кім күшті болса, соныкі дұрыс» деген өте қауіпті түсінік қалыптасады. Әлемдегі басқыншылық саясатын ұстанатын әр ел Ресейдің ізімен жүруге еліктейтін болады. Агрессия түптеп келгенде жемісін беретін болса, көрші елдерге аумақтық талаптары бар мемлекеттерге неге әрекет етпеске? Сондықтан Украинаның соғыста жеңіске жетуі Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің мүддесінде.
Шын мәнінде, бұл соғыс «Батыстың басқаларға қарсы» болуы туралы емес. Украинаны қолдау «батысшылдықтың» белгісі емес. Бұл – соғыс пен террорға қарсы болу. Бұл өзара құрметке негізделген халықаралық қарым-қатынас принципін ұстану, украиналықтардың қауіпсіздік пен еркіндікке деген құқығын қолдау. Украина мен Еуропалық Одақ 21 ғасырдағы халықаралық қатынастар бойынша бір көзқарасты ұстанады. Бұл көзқарас Путин Ресейінің көзқарасына тікелей қарама-қайшы. Біздің көзқарасымыз мәжбүрлеу, парақорлық пен қорқынышқа емес, халықаралық құқыққа, құрмет пен өзара тиімділікке негізделген.
Бұл соғысты мүмкіндігінше тезірек аяқтап, континентімізге бейбітшілікті қайтаруға біздей мүдделі ел жоқ. Осы мақсатта Украина он тармақтан тұратын бейбітшілік формуласын ұсынды - ЕО оны толығымен қолдайды - ол тек соғыс қимылдарын тоқтатуға шақырып қана қоймай, сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігін, ядролық қауіпсіздікті, қоршаған ортаны қорғауды, энергетикалық қауіпсіздікті, халықаралық әділеттілікті нығайту бойынша ұсыныстарды, адам құқықтарын қорғау мен БҰҰ Жарғысын ұстануды қамтиды.
Бұл формула бейбітшіліктің бірден-бір байыпты ұсынысы және біз бейбітшілікті жақтайтын барлық елдерді оны жүзеге асыру үшін бізге қосылуға шақырамыз. Қазіргі уақытта Украина Швейцарияда Жаһандық бейбітшілік саммитін ұйымдастыруда және ЕО бұл іске белсенді түрде қолдау көрсетуде. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналатын көшбасшылар Украинада БҰҰ Жарғысына негізделген әділетті бейбітшілік орнатудың ортақ көқарасы бойынша келісу бағытында жұмыс жасайды. Нәтижесінде Ресейге жаһандық көпшіліктің ортақ ұстанымы ұсынылып, Ресейдің адал ынтымақтастықтан басқа таңдауы болмайды.
Соғыс үшінші жылға аяқ басты. Осы ретте біздің жолдауымыз – агрессия мен террорға қарсы тұру. Біз 21 ғасырда агрессияның мадақталуына жол бере алмаймыз және оған жол бермейміз де; керісінше, оған қарсы күш жұмылдырамыз. Әділ бейбітшілікке жетудің жалғыз жолы – Украинаға қолдауды еселеу. ЕО соңғы айларда дәл осылай жасады және 2024 жылы көмекті одан әрі арттыруға ниетті.
Ортақ мақсатымыз – әділ бейбітшілікке мүмкіндігінше тезірек қол жеткізу үшін Украинаның соғыс толқынын өз пайдасына бұра алуын қамтамасыз ету. Бұл нәтижеге жету үшін бүкіл әлемнің қолдауы қажет. Халықаралық құқықтың сақталуын қамтамасыз ету және ынтымақтастықтың басты басымдық болуы – әркімнің мүддесі. Еуропада болсын, басқа аймақта болсын әскери агрессияның, империализм мен отаршылдықтың зұлмат өткеніне қайтып оралуына жол беруге болмайды.