Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні – Жоғарғы Өкілдің Еуропалық Одақ атынан жасаған мәлімдемесі
75 жыл бұрын Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында бекітілген сөз бостандығын қорғау – Еуропалық Одақтың адам құқықтары саласындағы жұмысының негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді. Биыл біз ЮНЕСКО-мен бірлесе отырып, бүгінгі таңда сөз бостандығы адамның басқа да құқықтарын жүзеге асыру үшін бұрынғыдан да маңызды екендігін және «Құқықтардың болашағын қалыптастыруға» шешуші үлес қосатындығын атап өтеміз.
Бұқаралық ақпарат құралдарының бостандығын, тәуелсіздігін және плюрализмін сақтау төзімді әрі берік демократиялық жүйе құру үшін өте маңызды болғанымен, қазір әлемнің көптеген бөліктерінде баспасөз бостандығына қауіп төніп тұр. Жұртшылықты сапалы тәуелсіз ақпаратпен қамтамасыз ететін, адам құқықтарының өрескел бұзылуы мен қатыгездіктер туралы шындықты ашатын және билік басындағыларды жауапқа тартатын журналистер, БАҚ мамандары және т.б. жала жабуға, қоқан-лоққыларға және шабуылдарға, соның ішінде жалған ақпарат тарату арқылы беделін түсіру әрекеттеріне жиі ұшырауда.
Шабуылға ұшыраған Украинадағы тілшілер, Беларусь пен Ауғанстандағы журналистер, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы тәуелсіз БАҚ өкілдері, Орталық Америкадағы жергілікті журналистер, Филиппин мен Ресейдегі Нобель сыйлығы лауреаттары және әлемнің басқа бөліктерінде, соның ішінде Еуропа елдерінде де БАҚ мамандары өз кәсібі үшін жоғары баға төлеуде.
Әйел журналистер киберкеңістікте де, шынайы өмірде де күшейіп келе жатқан қауіп-қатерлер мен шабуылдардың ерекше нысанына айналуда. Олар стигматизация, сексистік риторика, троллинг, гендерлік негіздегі зорлық-зомбылық және тіпті өлтірумен бетпе-бет келеді. Әйел журналистердің 73%-ы жұмыс барысында желідегі қоқан-лоққы, қатыгездік пен қудалауға тап болған. Қазіргі кезде қамауда отырған әйелдер саны бұрын соңды болмағандай көп.
Сөз бостандығының қажымас қорғаушысы ретінде ЕО журналистерге қарсы қоқан-лоққы мен зорлық-зомбылықтың барлық түрлерін айыптайды және жергілікті миссиялар мен арнайы бағдарламалар, атап айтқанда Батыс Балқандағы «Журналистер қауіпсіздігі» платформасы, Камбоджадағы «Тәуелсіз БАҚ пен негізгі бостандықтарды қолдау» жобасы мен Ауғанстандағы «БАҚ төзімділігі» бағдарламасы арқылы тәуекелге ұшыраған БАҚ қызметкерлерін қолдайды.
Сонымен бірге, ЕО өз мемлекеттері ішінде әрекет етуде: қоғамның қатысуына қарсы стратегиялық сот процестерімен (SLAPP) күресуде, цифрлық қызметтер мен нарықтарды реттеуде және ЕО-тың БАҚ бостандығы туралы заңын қабылдау бойынша ұсыныс енгізді.
Оның үстіне біз ақпараттық бұрмалау және сырттан араласуға қарсы тұру үшін стратегиялық әлеуетімізді арттырудамыз. «Еуропалық Одақ жалған ақпаратқа қарсы» платформасы және «Еуропалық цифрлық медианы қадағалау жүйесі» сияқты бастамалар арқылы еуропалық азаматтарға жалған ақпаратқа, ақпараттың бұрмалануы мен үгіт-насихатқа төзімділігін арттыруға үлесімізді қосып жатырмыз.
Баспасөз бостандығын қорғау және ілгерілету – шекарасы жоқ әмбебап миссия. ЕО халықаралық форумдарда да, жергілікті деңгейде де үкіметтермен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және азаматтық қоғаммен қарым-қатынас орнатуды жалғастырып, әлем бойынша баспасөз бостандығын нығайту ісіне берік болып қалады.
CONTACT DETAILS
- Nabila Massrali
- Spokesperson for Foreign Affairs and Security Policy
- +32 2 29 88093
- +32 460 79 52 44