Болашақ ұрпақ үшін демократия қалыптастыру
Жастардың қолдауымен демократияны дамытудың біртұтас ұстанымын алға тарту.
ЕО сенімді сайлау, заң үстемдігі, адам құқықтарын қорғау, бейбітшілік, қауіпсіздік, оның ішінде экономикалық қауіпсіздік, даму және сауда сияқты бірқатар аспектілерді біріктіретін демократияға деген жан-жақты көзқарасты қолдайды.
2020 жылы қабылданған ЕО-тың Адам құқықтары мен демократия жөніндегі іс-қимыл жоспарында сыртқы қарым-қатынастарда басшылыққа алынатын демократия мен адам құқықтарына қатысты кешенді саясат пен тиімді ұстанымы қамтылып, жастар осы құрылымның іргелі бөлігі ретінде анықталған.
Youth Democracy Cohort
Әйелдер мен жастардың мүмкіндіктері мен құқықтарын кеңейту: құқықтардың қорғалу деңгейі мен саяси белсенділікті арттыру
Жастар көбінесе саяси, экономикалық және әлеуметтік маңызы бар шешімдер қабылдау үдерістерінен тыс қалады. Неғұрлым қуатты, неғұрлым заңды, инклюзивті, бейбіт әрі демократиялық қоғам құру үшін олар демократияны дамытуға бағытталған іс-әрекетіміздің негізі болулары тиіс.
ЕО 2022 жылы сыртқы қарым-қатынастардағы Жастар жөніндегі іс-қимыл жоспарын қабылдады. Осы тұрғыда қабылданған негізгі алға тартар бағдарламалардың бірі – «Әйелдер мен жастар демократияда» (WYDE) атты бастамасы. Бұл бастама әйелдер мен жастардың азамат, сайлаушы, саясаткер, үміткер және сайланған шенеунік ретінде қоғамдық істерге қатысуын қолдайды.
WYDE бастамасы бүкіл әлем бойынша әйелдер мен жастардың, жастар өкілдерінің және жастар басқаратын ұйымдардың құқықтарын нығайту, өкілеттіктерін кеңейту, сондай-ақ қоғамдық және саяси істерге қатысуларын арттыру арқылы олардың дауысы мен көшбасшылық рөлін күшейтеді. Бұл бастама сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, азаматтардың сайлауларды бақылау, демократиялық реформаларды насихаттау, азаматтық білім беру, сонымен қатар сайлауда дауыс беру құқығын, бірлестіктер мен жиналыстар бостандығын және адам құқықтарын қорғауды насихаттаумен айналысатын жергілікті қоғамдық ұйымдар мен жас белсенділерге қолдау көрсетеді.
Жастарды қоғам мен мемлекет өміріне тарту жөніндегі міндеттемеміздің бір бөлігі ретінде бүкіл әлем бойынша ЕО Өкілдіктерінде Жастар жөніндегі үйлестірушілер тағайындалды. Олар ЕО-тың жергілікті дипломатиялық желісін кеңейту, әсіресе жастарды қамтитын әрекеттерді нығайтуда негізгі рөл атқарады.
#OurVoiceOurFuture: Сөз кезегі жастарда
ЕО-тың дүние жүзіндегі жастарға деген ынтасының көрінісі –Еуропалық сыртқы істер қызметінің «Біздің дауысымыз біздің болашағымыз» бастамасы. #OurVoiceOurFuture атты жастар басқаратын әлеуметтік медиа науқаны – жас көшбасшылардың адам құқықтары толықтай қорғалатын және жастар өзгерістер тізгінін ұстай алатын бірлік пен ынтымақтастыққа негізделген болашаққа деген көзқарастарымен бөлісу платформасы.
Осы жылы біз Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының (UDHR) 75 жылдығын мерекелей отырып, қуатты әрі тұрақты демократиялық қоғам құруда жастардың ерекше рөлі мен маңыздылығын мойындаймыз.