This isn't an official website of the European Union

Бұл парақшада Қазақстанда адам құқықтары, білім беру, энергетика, көлік және қоршаған ортаны қорғау салаларында ЕО қолдауымен жүзеге асырылатын жобалар бойынша ақпарат берілген. 

ЕО-Қазақстан қарым-қатынасы

Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім 2020 жылғы 1 наурызда күшіне енді. Бұл – ЕО-тың Орталық Азиядағы серіктесімен  жасасқан жаңа әрі бірегей келісім. Аталған келісім ЕО пен Қазақстан арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды орнатып, оларды жаңа деңгейге көтерудің кешенді негізін қалады. 

Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша стратегиясы аймақтық өзара әрекеттестіктің жалпы негізін ұсынады. Төзімділік пен өркендеуге бағытталған Стратегия, басқа басымдықтармен қатар, Қазақстанға жасыл экономикаға көшіп, оны әртараптандыру жолында қолдау көрсетеді. 

Жаңа деңгейдегі қарым-қатынастар 

Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім күшейтілген саяси диалог, жан-жақты салалық ынтымақтастық және өзара сауда мен инвестицияларды дамытудың кең шеңберін дамытып, ЕО-Қазақстан қатынастары үшін кеңейтілген құқықтық негіз құрайды. Сондай-ақ, саясаттың басқа 29 негізгі бағыттары бойынша, оның ішінде келесі секторларда нақты ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді: 

  • әділ сот және ішкі істер.
  • экономикалық және қаржылық ынтымақтастық. 
  • энергетика және көлік. 
  • қоршаған орта мен климаттың өзгеруі. 
  • жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер. 
  • мәдениет, білім беру және зерттеу. 

ЕО – Қазақстанның негізгі сауда серіктесі 

Бүгінгі таңда ЕО Қазақстанның сыртқы саудасының 40% құрайтын ең маңызды серіктесі болып табылады. Қазақстанның Еуропалық Одаққа экспорты минералдар, химиялық заттар және тамақ өнімдерімен қатар толығымен дерлік мұнай-газ секторына тиесілі. 

2019 жылы Қазақстаннан ЕО-ға экспорт 18,4 млрд. еуро, ал ЕО-тан Қазақстанға импорт көлемі 5,9 млрд. еуроны құрады. Сонымен қатар, ЕО жалпы шетелдік тікелей инвестициялар (ШТИ) ағындарының 48% -ын және 2018 жылы ШТИ жалпы акцияларының шамамен 60%-ын құрап, Қазақстандағы алғашқы шетелдік инвестор болып табылады. 

Кең мағынада ЕО пен Азия арасындағы байланыстың кеңеюі Қазақстан үшін аса маңызды. Бұл тұрғыда бизнес үшін тең жағдай қамтамасыз ету қажет, атап айтқанда инфрақұрылым саласындағы мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын арттыру, соның ішінде ДСҰ-ның мемлекеттік сатып алу туралы келісіміне (GPA) кіру және GPA стандарттарын қабылдау арқылы. 

ЖАҢА ЕКІЖАҚТЫ СЕРІКТЕСТІК

1991 жылы тәуелсіздік алғаннан бері Еуропалық Одақ Қазақстанға даму жолында  маңызды қолдау көрсетіп келеді. ЕО 180 млн. еуро сомасындағы 350-ден астам жобаны қаржыландырды.

Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді жүзеге асыру үдерісін қолдау мақсатында әзірленген және 2021-2024 жылдарға арналған 9 млн. еуро сомасындағы Екіжақты ынтымақтастық құралы әлеуетті дамыту және институционалдық даму бойынша жұмысты, саяси реформаларға ұласатын саяси диалогқа қолдау көрсетуді, ақпараттық-коммуникациялық іс-шараларды қамтиды. Ынтымақтастық құралы аясында екі басым бағыт анықталған:

a) Қазақстан мен ЕО арасындағы сауданы жеңілдетуге ерекше көңіл бөле отырып, «жасыл» экономикалық дамуды қамтамсыз ету және Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшуін қолдау;

b) жергілікті деңгейде құқықтық базаны және институттарды, оның ішінде жергілікті өзін-өзі басқару, орталықсыздандыруды реформалау үдерістерін қолдау, сондай-ақ ұлттық деңгейде институттарды нығайту мақсатында заң үстемдігін қамтамасыз ету.

Аталған Ынтымақтастық құралын жүзегеасыру Қазақстан мен Еуропалық Комиссия арасындағы екіжақты Қаржылық келісімге қол қойылғаннан кейін бірден басталады.

Сондай-ақ, ЕО азаматтық қоғам ұйымдарын қолдап, олардың жергілікті басқару және есеп беруге міндетті субъектісі, сонымен қатар инклюзивті әрі тұрақты өсуді жақтаушылар ретіндегі рөлін құптайды. Біз азаматтық қоғам ұйымдарына шешім қабылдау үдерісінің ашықтығын арттыру  және Қазақстан халқының игілігі үшін Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) локализациялау үшін жергілікті билік органдарымен ынтымақтастығын нығайтуда қолдау көрсету мүмкіндігін мақтан тұтамыз. ЕО Өкілдігі осы салалардағы ҮЕҰ-ға Жобалық өтінім байқауы туралы ақпаратты тұрақты түрде жариялап тұрады.

«Азаматтық қоғам ұйымдары және жергілікті билік органдары» атты ЕО тақырыптық бағдарламасы аясындағы 2021 жылғы жобалық өтінім байқауы нәтижесінде ЕО гранттық қаржыландыруымен жалпы сомасы 997 447 еуроны құрайтын келесі жобалар жүзеге асырылуда:

  1. «Сенің дауысың маңызды, шешім қабылдау үдерісіне азаматтық қоғамның технологиялар арқылы қатысуы». Негізгі мақсаты – Қазақстанда барлық деңгейде жауапты, инклюзивті және өкілдік шешім қабылдауды ынталандыру мақсатында жергілікті шешім қабылдау үдерістеріндегі әйелдер мен жастардың рөлін күшейту. Үйлестіруші: Орталық Азияның Еуразиялық қоры.
  2. Жайылым ‒ Еңбекші-Қазақ ауданындағы мал жаю қызметінің экономикалық және экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған көп салалы серіктестік пен инновациялар. Негізгі мақсаты – Алматы облысы Еңбекші-Қазақ ауданындағы жайылымдар мен ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізген климат өзгерісі мен биоалуантүрліліктің жоғалуы салдарымен күресуде АҚҰ мен жергілікті билік органдарының (ЖБО) рөлін арттыруға үлес қосу. Үйлестіруші: FELCOS UMBRIA – Орталықтандырылмаған ынтымақтастық және адам әлеуетінің орнықты дамуы бойынша жергілікті билік қоры, Италия.
  3. Қазақстанның Қарағанды облысындағы климат өзгерісі салдарын жұмсарту үдерісіне азаматтық қоғамның қатысуы. Негізгі мақсаты –  Қазақстанның Париж келісімінде тұжырымдалған мақсаттарға жетуіне үлес қосу үшін Қарағанды облысындағы климат өзгерісімен күреске азаматтық қоғамның қатысу үлесін арттыру. Үйлестіруші: ARNIKA – Азаматтарды қолдау орталығы, Чехия
  4. Солтүстік Қазақстан облысының үш ауылдық округіндегі ауылдық елді мекендерінің өмір сүру сапасын арттыру және экономикасын дамыту мақсатында жергілікті өзін-өзі басқару механизмдерін әзірлеу және енгізу. Негізгі мақсаты – Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар, Айыртау және Мамлютка ауылдық округтерінде жергілікті өзін-өзі басқару институттары мен экономикалық дамуды қолдау тетіктерін нығайту. Үйлестіруші: INTEGRITY АСТАНА, Қазақстан

«Адам құқықтары мен демократия» атты ЕО тақырыптық бағдарламасы аясындағы 2022 жылғы жобалық өтінім байқауы нәтижесінде ЕО гранттық қаржыландыруымен жалпы сомасы 500 000 еуроны құрайтын келесі жобалар жүзеге асырылуда:

  1. Бұқаралық ақпарат құралдарында адам құқықтарын насихаттау. Негізгі мақсаты: БАҚ пен ҮЕҰ-дың әлеуетін нығайту арқылы адам құқықтарын ілгерілету. Үйлестіруші: Солтүстік Қазақстандық құқықтық медиа-орталығы.
  1.  Цензурасыз Қазақстан. Негізгі мақсаты: Негізгі құқық болып саналатын сөз бостандығын Қазақстанда ілгерілету және қорғау. Үйлестіруші: Соғыс және бейбітшілік мәселелері туралы баяндау институты.

(i) Адам құқықтары және демократия және (ii) Азаматтық қоғам ұйымдары атты тақырыптық бағдарламалар арқылы Қазақстандағы азаматтық қоғам ұйымдарын қолдауға арналған 2023 жылғы жобалық өтінім байқауы 2023 жылғы 30 қаңтарда жария етілді. Тұжырымдамалық жазбахатты ұсынудың соңғы мерзімі: 2023 жылғы 24 наурыз.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ӨҢІРЛІК ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

Орталық Азияның географиялық орналасуын, сондай-ақ Еуропа мен Азия арасындағы көпір ретіндегі дәстүрлі рөлін ескере отырып, Еуропалық Одақтың Орталық Азия өңірімен өзара әрекеттестік деңгейі 1990 жылдардың басынан бастап айтарлықтай артты. Еуропалық Одақ пен Орталық Азияның өркендеу, өзара байланыстылық, энергетика және қауіпсіздік саласындағы мүдделері бір.

COVID-19 індетінен кейін әлемді «бұрынғыдан жақсы» болатындай қалпына келтіру және қазіргі геосаяси контексттің әлеуметтік-экономикалық әсерін азайтуға бағытталған жаһандық күш-жігердің бір бөлігі ретінде ЕО Орталық Азия елдеріне келесі бағыттар бойынша қолдау көрсетеді:

  • Жаңғырту (модернизация)
  • Инвестицияларды ынталандыру
  • ЕО мен Орталық Азия арасындағы өңірлік ынтымақтастық пен өзара байланыстылық деңгейін арттыру
  • Цифрландыру
  • Орталық Азия елдерінің «жасыл» экономикаға көшуін қолдау

Біздің аймақтық іс-шараларымыз аймақтағы климат, энергетика, көлік және цифрлық желілер мен инфрақұрылымды, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру және ғылыми-зерттеу жүйелерін дамытуға бағытталған ЕО-тың «Global Gateway» (Жаһандық қақпа) бастамасының бір бөлігі болып табылады.

«Global Gateway» бастамасы аясында ЕО және оның мүше-мемлекеттері қарыз дағдарысы қаупін шектеу мақсатында әділ әрі қолайлы шарттармен техникалық және қаржылық қолдау көрсетеді. Бұл инфрақұрылымды басқаруға қажетті қолдау көрсету, дағдыларды жетілдіру мен қаржы бөлу арқылы сол тұрақты және қауіпсіз инфрақұрылымды құруға көмектеседі. Тиісті ашықтық, тиімді басқару мен адам құқықтарын, әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғаудың жоғары стандарттарын қамтамасыз ететін маңызды басым бағыттарға инвестиция құйылады.

Орталық Азия үшін әзірленген 2021-2027 жылдарға арналған өңірлік бағдарлама аясында түрлі басым бағыттарға 140 млн. еуро бөлінді.

Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы даму басымдықтары БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) жүзеге асыру жөніндегі міндеттемесіне сәйкес саны өсіп келе жатқан халық пен жас азаматтардың арта түскен қажеттіліктерін қанағаттандыруға және экономикалық мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған.

ЕО-тың даму басымдықтары экономиканың әртараптандырылуы жоқ, маңызды экологиялық қиындықтарға тап болған және аймақішілік сауда мен инвестиция ағынының жеткіліксіз деңгейі сақталып отырған өңірге бағытталған.

Еуропалық Комиссия мен ЕО-тың жеке мүше мемлекеттері ұсынған көмегінің арқасында Еуропалық Одақ даму мақсатында көмек көрсету бойынша өңірде бірінші орынға ие. 2014-2020 жылдар аралығында Еуропалық Комиссияның Орталық Азияға ұсынған көмегінің көлемі 1,1 млрд. еуроға жетті.  Әр елдің ерекшеліктерін, мысалы, даму деңгейі мен қажеттіліктерін ескере отырып, ЕО даму бағдарламалары аясында көрсетілетін көмектің әр мемлекет үшін тиімділігін арттыру мақсатында ең мұқтаж және осал елдерге ерекше назар аудара отырып, сараланған тәсілді қолданады.

Өңірлік бағдарламалар Орталық Азияның бес мемлекеті арасындағы диалог пен ынтымақтастықты ілгерілетудің жан-жақты үдерісін қолдауға бағытталған. Энергетика, климат өзгеруі, су ресурстары, қоршаған ортаны қорғау және әлеуметтік-экономикалық даму, сондай-ақ азаматтық қоғам мен заң үстемдігін дамыту сияқты салалар үшін өңірлік ынтымақтастықтың маңызы зор.

Заң үстемдігі

Еуропа Кеңесі төрт жыл бойы (2020 – 2023 жж.) бюджеті 8 889 000 еуроны құрайтын (90% Еуропалық Одақ қаржыландырған, 10% - Еуропа Кеңесіне тиесілі) «Орталық Азияда құқық үстемдігін орнату» атты бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Бұл бағдарламаға Еуропа Кеңесі тәжірибесінен үйренгісі келетін және Еуропа Кеңесінің көршілес елдерге қатысты саясатына сәйкес ынтымақтастық шарттарына жауап беретін Орталық Азия мемлекеттері қатыса алады. Бағдарлама Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша стратегиясымен жанасады. Мақсаты – әр жеке мемлекеттің ерекшеліктері мен қажеттіліктері негізінде еуропалық және халықаралық стандарттарға сәйкес адам құқықтарын қорғау, заң үстемдігін орнату мен демократияны нығайту арқылы азаматтардың өмір сүру жағдайларын жақсарту.

DARYA

DARYA – Орталық Азияның зейінді жастарына арналған диалог пен іс-шаралар – бюджеті 10 млн. еуроны құрайтын бағдарлама. Еуропалық білім беру қорымен жүзеге асырылатын бұл бағдарлама еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес Орталық Азияның бес еліндегі әйелдер мен ер адамдардың дағдыларын жан-жақты дамытуға бағытталған. «DARYA» бағдарламасы аясында екі нақты мақсат көзделген:

  • Орталық Азиядағы білім беру, оқыту және жұмыспен қамту жүйелерінің сапасы мен инклюзивтілігін арттыруға үлес қосу
  • Ұлттық және өңірлік деңгейлерде ұжымдық және инклюзивті диалог пен ынтымақтастық тетіктерін дамытуға жәрдемдесу.

CACCR

Орталық Азиядағы COVID-19 дағдарысына қарсы іс-қимыл (CACCR) – ЕО мен ДДҰ бірлесіп 10.3 млн. еуроға қаржыландырған бағдарлама. Мақсаты –  COVID-19 індетінің әсерін азайту, оның өңірдегі таралуын бақылау және денсаулық сақтау жүйесінің ұзақ мерзімді төзімділігін арттыру. Бұл бағдарлама аясында келесі бағыттар бойынша көмек көрсетіледі:

  • Вакциналарды тез әрі қауіпсіз енгізу;
  • Кәдімгі иммундау жүйелерінің ұзақ мерзімді төзімділігін арттыру;
  • Денсаулық сақтау жүйелерін цифрландыру арқылы жалпыға бірдей денсаулық сақтау қызметтерімен қамтуға қол жеткізу үшін өңірдің әлеуетін күшейту.

R4Trade

Ready for Trade (R4T) – ЕО қаржыландыратын төрт жылдық жоба. Бұл жоба – Орталық Азиядағы инвестициялар, бәсекеге қабілеттілік пен сауданы қолдау арқылы өңірдің тұрақты және инклюзивті экономикалық дамуын қолдауға бағытталған ЕО қаржыландыратын ауқымды бағдарламаның сауда бағытының құрамдас бөлігі.

Жобаның мақсаты –  Орталық Азияның 5 елінде аймақішілік және халықаралық сауданы дамытуға қолдау көрсету. Бұл мақсатқа трансшекаралық талаптардың ашықтығын арттыру, реттеуші және процедуралық кедергілерді жою, сауда рәсімділігі мен стандарттарына сәйкестікті қамтамасыз ету үшін бизнес-мүмкіндіктерді күшейту, трансшекаралық электрондық сауданы жетілдіру арқылы қол жеткізілетін болады. Жобаны Орталық Азияның бес еліндегі ұлттық серіктестерімен тығыз ынтымақтастықта Халықаралық сауда орталығы (ITC) жүзеге асыруда.

Толығырақ ақпарат: https://intracen.org/our-work/projects/central-asia-ready4trade-r4tca

SECCA

SECCA – ЕО-тың Орталық Азиядағы тұрақты энергетикалық байланыстарды қолдауы – 6,8 млн.еуроға қаржыландырған, ЕО-тың үздік тәжірибелеріне сәйкес Орталық Азия өңірінде тұрақты энергетикалық теңгерімді ілгерілетуге арналған бағдарлама.

Бағдарлама энергия тиімділігін оңтайландыру және жаңартылатын энергия көздерін дамыту арқылы климат өзгерісі мәселелерін шешуге бағытталған. SECCA тобы әр ел үшін толық жұмыс жоспарын әзірледі және жоба аясындағы іс-шаралар мемлекет және/немесе өңір деңгейінде жүзеге асырылады.

CAWEP

Орталық Азия су-энергетикалық бағдарламасы (CAWEP) – өңірлік деңгейде және Орталық Азияның бес бенефициар мемлекетінде энергетикалық және су қауіпсіздігін ілгерілету мақсатында қолайлы ортаны нығайту жөніндегі Дүниежүзілік банк, Швейцария, Ұлыбритания және Еуропалық Одақ (ЕО үлесі – 7 млн. еуро) арасындағы серіктестіктің нәтижесі. Бағдарлама үш құрамдас бөліктен тұрады: (1) энергетикалық қауіпсіздік; (2); су қауіпсіздігі және (3) су-энергетикалық байланыстар.

CAWEP аясындағы іс-шаралар ұлттық деңгейде жүзеге асырылады. Бұл іс-шаралар ұлттық институттардың әлеуетін арттыру және салалық көрсеткіштерді жақсарту арқылы су-энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қоса отырып, ұлттық және өңірлік деңгейде су-энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін өңірлік ынтымақтастық пен диалогты қолдауға бағытталған.

CAWEP бағдарламасын жүзеге асырудың ағымдағы үшінші кезеңінде зерттеулер жүргізу, оқыту ұйымдастыру мен сарапшылық кеңес беру арқылы, сондай-ақ Аралды құтқару халықаралық қоры сияқты өңірлік ұйымдарға көмек көрсету арқылы аналитикалық әзірлемелер, институционалдық нығайту, инвестицияларды дайындау және жұмылдыру бойынша жұмыстарды қолдау жалғасуда.

«Team Europe» бастамасы: цифрлық өзара байланыстылық

Бұл флагмандық жоба ЕО-ға тікелей қосылатын Орталық Азия елдерінде серіктік байланысты қамтамасыз ету және серіктік байланыс операторларын (SatCom) құру мақсатында нормативтік-құқықтық базаны дамытуға бағытталған. Біз интеграцияланған Интернет-трафик алмасу нүктелері (IXPs) мен «жасыл» деректер орталықтары бар «жер станциялары» деп аталатын инфрақұрылымды құру арқылы Орталық Азияда серіктік байланысты орнатуды қолдауға ниеттіміз: оптикалық-талшықты кең жолақты байланысты дамыту бойынша ұлттық жобаларды толықтыратын қосылу нүктелері. Жоба қатысушылары –  Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан. Жобаға қатысушылар тізіміне Түрікменстанды қосуға ашықпыз.

«Team Europe» бастамасы: су ресурстары, энергетика, климат

Бұл флагмандық жоба Орталық Азияның бес елінде су-энергетикалық ресурстарды тұрақты басқаруға, экологиялық мәселелерді шешуге және климат өзгеруінің салдарына қарсы тұруға ықпал етеді. Өз мақсатына жету үшін «Team Europe» бастамасы төмендегі бағыттарда жұмыс істейді:

  • Орталық Азиядағы тұрақты дамуды қамтамасыз ету мақсатында өңірлік ынтымақтастық пен басқаруды жетілдіру;
  • Орталық Азиядағы өңірлік интеграцияланған «жасыл» және энергетикалық «көшуге» инвестицияларды ұлғайту.

Көші-қон

«Жібек жолы мен Орталық Азияның таңдаулы елдерінде көші-қонды басқаруды жақсарту мен мигранттарды қорғауды күшейту» (PROTECT) жобасын Көші-қон саясатын дамытудың халықаралық орталығы (ICMPD) және БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы (UNODC) жүзеге асырады. Жобаның негізгі мақсаты жобаға қатысушы елдердегі эмиграция мен иммиграцияның барлық кезеңдерінде мигранттарды қорғауға көмектесу, соның ішінде заңсыз көші-қон, адам саудасы мен мигранттарды заңсыз алып өтумен күресу және бұл іс-әрекеттердің алдын алу. Жобаның жалпы бюджеті 9 млн. еуроны құрайды. Іске асыру мерзімі – 3 жыл. Жобаның бенефициар елдері – Ауғанстан [ЕО Кеңесінің 2021 жылғы қыркүйектегі қорытындыларына сәйкес, ЕО және оған мүше мемлекеттердің Ауғанстандағы іс-шаралары өзара әрекеттестіктің белгіленген критерийлерімен айқындалады және іс жүзіндегі билік органдарының пайдасы мен араласуынсыз жүзеге асырылады], Ирак, Пәкістан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан.

ЕО-Қазақстан ынтымақтастығының басқа түрлері

ЕО тәжірибе мен ноу-хау ұсынып, әсіресе, қаржылық және техникалық ынтымақтастық және Еуропалық демократия мен адам құқықтары саласындағы құралы шеңберінде қаржыландырылатын нақты жобалар арқылы Қазақстанда жүргізіліп жатқан құқықтық реформалар мен адам құқығын қорғау мәселесі бойынша қолдау көрсетеді. 

Жылына 1 млн. евро көлемінде бюджет бөліп, ЕО Қазақстандағы азаматтық қоғамның рөлін күшейте отырып, плюралистік саяси жүйені ынталандыруға бағытталған түрлі жобаларды қаржыландырады. 

Бірқатар құралдар мен бағдарламалар аясындағы іс-әрекеттер Қазақстанға пайдасын тигізуде: 

  • Ядролық қауіпсіздік, радиациялық қорғаныс және үшінші елдерде ядролық материалдардың тиімді және нәтижелі кепілдіктерін қолданудың жоғары деңгейін қамтамасыз етуге септігін тигізетін Ядролық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық құралы. 
  • Дағдарысқа қарсы әрекет ету, дағдарысқа дайындық және жанжалдың алдын алу мәселелеріне көңіл бөле отырып, тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз етуге ықпал ететін құрал. 
  • Орталық Азияда шекараны басқару бағдарламасы (БОМКA) және Орталық Азияда есірткімен күрес бойынша іс-қимыл бағдарламасы​ (КАДАП).
  • Студенттер мен оқытушылардың ұтқырлығын қолдауға және әлеуетің  арттыруға бағытталған «Erasmus+»  жобасы.  

ЕО Орталық Азиядағы аймақтық ынтымақтастық жобаларына 2014-2020 қаржыландыру кезеңіне 454,2 млн. еуро бөледі, оның ішінде «Erasmus+»   бағдарламасына - 115 млн. еуро. «Erasmus+»   бағдарламасы аясында 2000-нан астам қазақстандық студент пен ЖОО қызметкерлері Еуропа оқу немесе тәжірибе өту бойынша қысқа мерзімді стипендия иегерлері атанды. Ал еуропалық студенттерге Қазақстанда оқу үшін 1000-ға жуық стипендия ұсынылды. Сонымен қатар, 137 қазақстандық магистрант Еуропадағы бірлескен магистрлік бағдарламаны аяқтауға стипендия алды. 

2019 жылы ЕО Қазақстан Үкіметінің ұсынысына жауап ретінде «БҰҰ- әйелдер» құрылымымен бірлесе отырып, Қазақстан мен Өзбекстанда білім беру және оқыту арқылы Ауғанстан әйелдерінің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін қолдау мақсатында жүзеге асырылатын 2 млн. еуро көлемінде қаржыландыратын бағдарламасын іске қосты. Жүзеге асырушы ұйым – БҰҰ Даму бағдарламасы. 

Бұл іс-қимыл тұрақтылықты дамытып, Қазақстан мен Өзбекстанда білім беру және оқыту арқылы ауған әйелдерінің әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін қолдауды көздейді. ЕО, Ауғанстан және Орталық Азия (Қазақстан мен Өзбекстан) арасындағы алғашқы үшжақты ынтымақтастық бағдарламасы ЕО пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытудың жаңа көкжиегін ашады. 

Қазақстан студенттер мен оқытушылардың ұтқырлығын, сондай-ақ әлеуетті арттыру жобаларын қолдауға бағытталған Erasmus+ бағдарламасының артықшылықтарын көруде. ЕО Орталық Азиядағы Erasmus+ бағдарламасына 76 млн. еуро (2021-2027жж.) бөліп отыр. Бағдарламаның алдыңғы кезеңінде қазақстандық студенттерге немесе қызметкерлерге Еуропада оқу және тағылымдамадан өту үшін 3300-ден астам қысқа мерзімді стипендия, ал еуропалық студенттер үшін Қазақстанда оқу үшін 1500-ден астам стипендия бөлінген. Erasmus+ бағдарламасының алдыңғы кезеңінде қазақстандық студенттерге, профессорлық-оқытушылық құрамға Еуропада оқу және тағылымдамадан өту үшін 3300-ден астам қысқа мерзімді шәкіртақы берілсе, еуропалық студенттерге Қазақстанда оқу үшін 1500-ден астам шәкіртақы бөлінген болатын. 2014 жылдан бері 328 қазақстандық магистрант шәкіртақы алып, Еуропада бірлескен магистрлік бағдарлама бойынша оқыды. Университеттерге арналған әлеуетті арттыру жобалары Қазақстанда әлі де үлкен сұранысқа ие. 2014-2020 жылдары Орталық Азияда қаржыландырылған 70 жобаның 49-ына қатысқан қазақстандық университеттер енді Орталық Азиядағы 2022 жылы таңдалған тоғыз жобаның төртеуіне қатысуда. Таңдалған жобалар оқу бағдарламаларын, соның ішінде оқыту мен оқудың жаңа әдістерін әзірлеуге және жаңғыртуға, университетті басқаруды жақсартуға және жоғары білім мен жұмыс әлемі арасында тығыз байланыс орнатуға бағытталған.

Қазақстандық ғылыми-зерттеу институттары «Horizon Europe» бағдарламасы аясында қаражат алуға өтініш бере алады.

«Horizon Europe» – бюджеті 95,5 миллиард еуро құрайтын Еуропалық Одақтың ғылыми зерттеулер мен инновацияларды қаржыландыруға арналған жетекші бағдарламасы. Бағдарлама климат өзгерісінің салдарымен күресу, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу, ЕО-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен дамуын  нығайтуға бағытталған.

Аталған бағдарлама ынтымақтастықты дамыту, жаһандық мәселелерді шешуде ЕО саясатын әзірлеу, қолдау және енгізу кезеңдерінде зерттеулер мен инновациялардың ықпалын арттыруға септігін тигізеді. Бағдарлама алдыңғы қатарлы білім мен технологияларды дамыту мен кең ауқымды қолданысын қолдау, жұмыс орындарын құру, ЕО-тың кадрлар резервін толыққанды іске қосу, экономикалық өсуді жеделдету, өнеркәсіптік бәсекеге қабілеттілікті арттыру және нығайтылған Еуропалық зерттеу кеңістігінде инвестициялық әсерді оңтайландыруға бағытталған.

Сонымен қатар, Қазақстан TAIEX және SOCIEUX+ бағдарламаларына қатысады.

TAIEX – техникалық көмек пен ақпарат алмасу құралы. «TAIEX» бағдарламасы аясында ЕО заңнамасын үлестіру, қолдану мен жүзеге асыру ісінде, сондай-ақ ЕО үздік тәжірибелерімен алмасуды жеңілдетуде мемлекеттік басқару органдарына қолдау көрсетіледі. Бұл бағдарлама барынша қажеттіліктерге негізделген және мәселелерді қысқа мерзімде үш жолмен шешу мақсатында арнайы сараптамалық білім ұсынады:

  • Семинарлар: ЕО мүше мемлекеттерінің сарапшылары көптеген бенефициар-мемлекеттердің жоғары лауазымды тұлғаларына арналған семинарларда ЕО заңнамасының нақты салалары бойынша ақпарат ұсынады.
  • Сарапшылардың арнайы миссиясы: ЕО мүше мемлекеттерің сарапшысы (сарапшылары) ЕО заңнамасының белгілі бір бөлігін транспозициялау, жүзеге асыру немесе орындау бойынша егжей-тегжейлі кеңес беру үшін бенефициар мемлекеттің  әкімшілік органына жіберіледі.
  • Оқу сапарлары: бенефициар-мемлекетің әкімшілік органынан бес тәжірибешіден тұратын топ ЕО мүше мемлекеттің әкімшілік органына оқу сапарына жіберіледі.

SOCIEUX+ Әлеуметтік қорғау, еңбек және жұмыспен қамту саласындағы ЕО білімі – бұл ЕО құрған және бірлесіп қаржыландыратын мемлекеттік және әлеуметтік серіктестер арасындағы техникалық ынтымақтастық механизмі. Жалпы мақсаты – жақсы жұмысқа орналасу мүмкіндіктері мен инклюзивті әлеуметтік қорғау жүйелеріне қолжетімділікті кеңейту және жақсарту.

Орталық Азияға арналған инвестициялық қор /EFSD+

Орталық Азияға арналған инвестициялық қор (IFCA) / Еуропалық тұрақты даму қоры плюс (EFSD+) – ЕО гранттарын халықаралық қаржы институттары (мысалы, ЕИБ, ЕҚДБ) мен басқа да мемлекеттік және жеке ұйымдар ұсынатын басқа қаржы ресурстарымен біріктіруге арналған аймақтық көп көзді қаржыландыру тетіктері. Мақсаты – қосымша гранттық емес қаржыландыруды тарту. Бірлескен қаржыландыру арқылы жобаның жалпы құнын және/немесе оның болжамды тәуекелін азайту арқылы Орталық Азияға арналған инвестициялық қор бенефициар үкіметтерді, жеке секторды және/немесе мемлекеттік мекемелерді басқа жағдайда кейінге қалдырылуы мүмкін/жақын болашақта қаржыландырылмайтын секторларға инвестициялауға ынталандырады.

Орталық Азияға арналған инвестициялық қор 2010 жылы құрылды, ал 2022 жылдан бастап оның орнына «Еуропалық тұрақты даму қоры плюс» келді. Орталық Азияға арналған инвестициялық қор/Еуропалық тұрақты даму қоры плюс «ЕО – Орталық Азия жаңа әріптестік стратегиясының» мақсаттарына сәйкес келеді. Бұл екі қордың негізгі мақсаты климат, экологиялық іс-шаралар мен қоршаған ортаны қорғауға, соның ішінде энергия тиімділігі, қалдықтарды және суды басқаруға баса назар аудара отырып, негізгі инфрақұрылымға ТДМ-на қатысты қосымша инвестицияларды ынталандыру болып табылады. Сонымен қатар, инвестициялық қаражат бөлу шағын және орта кәсіпкерліктің (ШОБ) қаржыландыруға қолжетімділігін жақсартуға, сондай-ақ әлеуметтік секторға инвестицияларды тартуға көмектеседі.