This isn't an official website of the European Union

Неліктен Израиль қауіпсіздігінің ең сенімді кепілі Палестина мемлекетін құру?

Қазіргі соғыстан кейін Газа секторында қалыптасқан билік күйзелісі зорлық-зомбылық пен лаңкестіктің жаңа легіне алып келуі мүмкін

Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы Өкілі – Еуропалық Комиссияның Вице-президенті Жозеп Боррелл

Таяу Шығысқа жасаған бес күндік сапарымнан жаңа оралдым. Украинамен қатар Таяу Шығыс қазіргі кезде әлемдегі ең тұрақсыз өңірлердің біріне айналды. Шиеленіс бәсеңдеп бара жатқандай әсер беретін тыныштық орнайтын кезеңдер болады, бірақ Израиль-Палестина қақтығысының қазіргі жағдайы бұрынғыдан да күрделене түсіп, ұзаққа созылмақ. Бұл қақтығысты екі мемлекет құру үлгісін талқылап қана қойып реттеуге болады, бәрі өзі шешіледі деген саяси тоғышарлықты қоятын кез келді. Адамгершілік, әділдік немесе моральдық жағынан дұрыс болатындықтан ғана емес, себебі бұл қақтығысты қазір шешпесек, ол халықтың қоныс аударуына, соның ішінде Еуропаға қарай көшуіне түрткі болып, лаңкестік қаупін және топаралық шиеленістерді күшейтуі мүмкін.

Өңір тағы да есеңгіреп, дүр сілкінді. 1200-ден астам адамның қазасына, 200-ден астам адамның тұтқынға түсуіне алып келген 7 қазандағы қанды оқиға израильдіктерді қатты күйзелтті. Газадағы палестиналықтар гуманитарлық дағдарысқа ұшырады. Бұл 13 мыңнан астам адамның, көбінесе әйелдер мен балалардың өмірін қиған тағы бір қантөгіс болды. Бұған қоса, басып алынған Иордан өзенінің батыс жағалауы мен Шығыс Иерусалимде израильдік қоныс аударушылар шабуылдар жасауда. Жұма күні уақытша бітім жасалып, тұтқынға алынғандардың біразы босатылды. Бұл жағдай тұтқындағы барлық адамдарды босатуға және соғыс әрекеттерін тоқтатуға оң серпін береді деп сенемін.  

Хамас пен басқа да экстремистердің жан түршігерлік әрекеттері палестиналықтардың мүдделеріне кері әсерін тигізуде. Рамалла қаласында менімен кездескен басшылық мұны мойындап отыр. Алайда олар үшін түбегейлі мәселе – Израиль басқыншылығы. Палестина басшылығы Газа секторындағы халыққа заңсыз қоныс-мекендердің өркендеп, ал қоныс аударушылардың палестиналықтарға қарсы шабуыл жасауы мүмкін болып тұрған жағдайда, неліктен олардың қозғалыс еркіндігінің шектеулі екендігін түсіндіре алмайды. Израиль Палестина ұлттық әкімшілігі атынан палестиналықтардан жинайтын салық түсімін ұстап қалуды тоқтатпайынша, Палестина басшылығы басып алынған Иордан өзенінің батыс жағалауының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайды.

Дегенмен, бір зұлымдық екіншісін ақтамайды. Әр тарап бұл ауыр қасіретті өз жағынан – өткені мен бүгіні жағынан  көреді. Бірақ, екі тарап та әлі болжай алмайтын ертеңгі күн де бар. Израильдіктер өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Хамасты жою керек деп сенеді. Палестиналықтар үшін басты міндет – Газадағы гуманитарлық апат пен қоныс аударушылар тарапынан арандатушылық әрекеттерді тоқтату.

Осы қиындықтарға қарамастан, бейбіт өмір орнату мүмкіндігін жоққа шығармауға міндеттіміз. Жақында өңірге жасаған сапарым Израиль қауіпсіздігінің ең сенімді кепілі Палестина мемлекетін құру екеніне сенімімді нығайтты. Алдағы уақытта Палестина ұлттық билігінің әлсіреуіне жол бермеуіміз керек.

Табиғат пен саясатта бос кеңістік болмайды. Егер Газадағы билік Хамастың да, Израильдің қолына тимесе, бұл жерде айта кетер жайт, бұл билік олардың қолына тимеуі де тиіс, онда билікте қалыптасқан бос орынға Газаны осал өңірге айналдырып, зорлық-зомбылық пен лаңкестіктің кезекті легін тудыруы мүмкін бақыланбайтын күштер келетін болады. Левиафаны, мемлекеті жоқ қоғам зорлық-зомбылық пен хаосқа ұшырайтынын Гоббс айтып кеткен болатын.

Мұндай жағдайларға талай рет куәгер болғанбыз. Біз Сирия қақтығысынан Ливан, Иордания мен Түркияға ағылған босқындар легін көрдік. Бұл елдер палестиналық босқындардың тағы бір үлкен толқынына төзе алмайды. Өткен аптада бір сұхбаттасымның айтқанындай, біз тағы бір Нақбадан аман қалмаймыз. Ал Еуропа мен дүниежүзілік қауымдастық жаппай күштеп қоныс аударған палестиналықтардың барлығын  қабылдай алмайды.

Газадағы биліктің Израильден бастап бүкіл өңірді тұрақсыздандыруы мүмкін бақыланбайтын қарулы топтардың қолына түсуіне жол бермеу үшін бұл өңірді жергілікті халықтың мүддесін білдіретін мемлекет басқаруы керек. Газада және басып алынған Батыс жағалауда, соның ішінде Шығыс Иерусалимде Палестина мемлекетін құру Израильдің өз қауіпсіздігі үшін қажет.

Бұған қалай және қашан қол жеткізетіндігіміз бәрімізге байланысты. Бір анығы – араб әлеміндегі менің барлық сұхбаттастарым Израильдің бар екенін мойындады және онымен қарым-қатынас орнатуға дайын. Олар өңірдегі бейбітшілік, трансшекаралық ынтымақтастық және Израильдің өңір экономикасының қозғаушы күші ретіндегі әлеуеті мен рөлі орасан зор мүмкіндіктерге жол ашатындығын мойындайды. Дегенмен, барлығы араб-израиль ынтымақтастығын орнату Палестина мәселесін шешуге байланысты деген пікірмен келіседі. Бұл мәселені шешпей алға жылжи алмаймыз.

Осы жағдайда алға жылжу үшін біз екі жаққа да әділ болатын, екі жақтың да құқықтарын теңдей негізге алатын шешімге ұмтылуымыз керек. Ал бұл, ең алдымен, бүкіл өңірдің және тұрақсыздық салдарын бірден сезетін Еуропа қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етеді. Көрші елдер ретінде израильдіктердің де, палестиналықтардың да, және бүкіл өңірдің мүддесі үшін тұрақты әрі ұзақ мерзімді саяси келісімге қол жеткізу үшін өңірдегі және бүкіл әлемдегі серіктестермен күш біріктіруіміз керек. Бұл өз мүддемізге де сай. Қазіргі оқиғалар басталар алдында қыркүйек айында БҰҰ жариялаған Бейбітшілік бастамасы күні аясында Еуропалық Одақ бірқатар араб елдерімен бірге бейбіт келісімге келу бағытында күш жұмылдыруда. Осы мақсатқа жету жолында жұмысты жалғастыруға міндеттіміз.