Дүниежүзілік ҮЕҰ күні: Жоғары Өкіл/Вице-Президент Жозеп Боррелл мырзаның мәлімдемесі
Көбінесе «шетел агенті» туралы заңдар немесе ҮЕҰ заңды қызметіне кедергі келтіретін басқа да заңнамалық және әкімшілік шаралар арқылы азаматтық қоғамның қызметі туралы жағымсыз көзқарас қалыптастырылады. Бейбіт шерушілерге қарсы шамадан тыс күш қолдану демократиялық қатысу деңгейін көтеруге кедергі келтіреді. ЕО бірлестіктер мен бейбіт жиналыстар бостандығына жасалған шабуылдарды қатаң айыптайды.
ЕО азаматтық қоғамға қомақты қаржылық қолдау көрсете отырып, осы үрдістерге қарсы тұру үшін қолындағы барлық құралдарды жұмылдыруда. 2023 жылы 50 миллион еуро бюджетімен іске қосылған ЕО-тың Қолайлы орта құру жүйесі (EU SEE) 86 серіктес елде азаматтық кеңістікті бақылап, ілгерілету мақсатына қызмет етеді.
Тұрақты даму мақсаттарын ілгерілету және адам құқықтарын қолдауды күшейту үшін БҰҰ-ның Болашақ пактісін қалыптастыруда азаматтық қоғамға, соның ішінде жастарға мәнді рөл берілуі тиіс.
Осы жылдың соңында өтетін Болашақ саммитіне дайындық барысында бүкіл әлемде қауіпсіз және ашық азаматтық кеңістікті қамтамасыз ету өте маңызды. Дүниежүзілік ҮЕҰ күнінде біз азаматтық қоғамның төзімді әрі инклюзивті қоғам құрудағы баға жетпес еңбегіне құрмет көрсетеміз.
Анықтамалық ақпарат
ЕО «Тату көршілестік, даму мен халықаралық ынтымақтастық құралы – Global Europe» (NDICI-Global Europe) аясында қаражаты 1,5 миллиард еуро құрайтын 2021-2027 жылдарға арналған «Азаматтық қоғам ұйымдары» жаһандық Еуропалық бағдарламасын қабылдады. Қаржы Еуропалық Одақтан тыс орналасқан азаматтық қоғам ұйымдарын қолдауға бағытталады. Сонымен қатар, басқа бағдарламалар мен қаржы көздерінен елеулі қосымша қаржыландыру бөлінеді.
2023 жылы жаңа жаһандық бастама іске қосылды. Оның аясында екі қоғамдық ұйым консорциумы 86 серіктес елде азаматтық қоғам үшін қолайлы ортаны жүйелі түрде бақылау мен қолдауды күшейту үшін «ЕО-тың Қолайлы орта құру жүйесін» (ЕU SEE) әзірледі. Бұл жерде EU SEE мониторинг индексі, ерте ескерту механизмі және икемді қолдау механизмі қамтылған. Мақсаты – азаматтық қоғамдық ұйымдардың серіктес елдердегі жағдайдың нашарлауы және/немесе жақсаруына төзімділігін арттыру мен жылдам әрекет ету әлуетін нығайтуға көмектесу. ЕU SEE бюджеті 50 миллион еуро көлемінде болады, бұл ЕО-тың азаматтық кеңістікті қолдауға берік ұстанымының көрсеткіші (мына жерден қараңыз).
ЕО жалпы сомасы 27 миллион еуро құрайтын тоғыз серіктестік бағдарламасын іске қосты: қоғамдық ұйымдармен жасасқан алты жаңа тақырыптық серіктестік бағдарламасы азаматтық кеңістіктің іргетасы болып табылатын бейбіт жиналыстар мен бірлестіктердің негізгі бостандықтарына толықтай арналса, қалған үш бағдарлама дүние жүзіндегі тәуелсіз БАҚ-ты қорғау арқылы сөз бостандығын басты назарға алатын болады.
Сондай-ақ, ЕО азаматтық кеңістіктің қосатын үлесінің маңызды құрамдас бөлігін ескере отырып, демократияның сапасын зерттеу мақсатында 14 мүше-мемлекет пен ЕО-ты біріктіретін, бюджеті 19 миллион еуро құрайтын «Team Europe Democracy» жобасын бастады.
ЕО 2027 жылға дейін 30 миллион еуро қаражат бөле отырып, тәуекелге ұшыраған құқық қорғаушыларға (HRD) арналған «The Protect Defenders.eu» механизмін қолдауды жалғастыруда. Ол 2015 жылдан бері тәуекелге ұшыраған 70 000-нан астам құқық қорғаушыларға өмірлік маңызы бар қолдау көрсетті.
Сонымен қатар, ЕО-қа қосылуға дайындық кезеңінде көмек көрсету құралы (IPA III) аясында 2021-2023 жылдары ЕО Батыс Балқан мен Түркиядағы азаматтық қоғам мен БАҚ үшін 219 миллион еуро бөлді.