Өркендеген Орталық Азия құру үшін азаматтық қоғамның құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту

Орталық Азияда мемлекеттік басқаруды жетілдіру мен орнықты дамуды қамтамасыз етудегі ЕО рөлі
Еуропалық Одақтың Орталық Азияға деген бейілдігі ЕО-тың Орталық Азия бойынша стратегиясына негізделіп, «Global Gateway» бастамасының Орталық Азиядағы басымдықтары арқылы жүзеге асырылуда. «Global Gateway» – цифрлық даму, энергетика және көлік салаларындағы «ақылды», таза әрі қауіпсіз байланыстарды арттыруға және бүкіл әлем бойынша денсаулық сақтау, білім беру мен зерттеу жүйелерін нығайтуға арналған еуропалық стратегия. Орталық Азияда ЕО серіктестерімен бірге цифрлық салада, климат, энергетика, көлік, денсаулық сақтау мен білім беру салаларында және ғылыми зерттеулерде трансформациялық әсерге қол жеткізуге ұмтылады. Негізгі назар ЕО мүдделері мен құндылықтарына – заң үстемдігі, адам құқықтары және халықаралық нормалар мен қағидаларға сәйкес – ең жоғары әлеуметтік және экологиялық стандарттарды сақтайтын сапалы инфрақұрылымға «ақылды» инвестициялар тартуға аударылады.
Өмірге бейімді азаматтық қоғам демократиялық басқару мен өңірдегі тұрақтылықтың негізі екенін ескере отырып, ЕО азаматтық қоғам ұйымдарының ашықтықты ілгерілету, адам құқықтарын қорғау және инклюзивті әрі орнықты дамуды қамтамасыз етудегі маңызды рөлін мойындайды. «Орталық Азияға арналған Азаматтық қоғам қоры» сияқты бастамалар арқылы ЕО азаматтық қоғамның өңірдегі басқару үдерістеріне және даму басымдықтарын қалыптастыруға неғұрлым тиімді түрде қатысуын мүмкін етіп, Орталық Азия елдер азаматтық қоғамының әлеуетін кеңейту мақсатында еңбек етеді.
ЮНОПС жүзеге асыратын ЕО-тың «Орталық Азияға арналған Азаматтық қоғам қоры» техникалық қолдау мен гранттарды басқаруға көмек көрсетуге ғана емес, сонымен қатар азаматтық қоғам ұйымдары, халықаралық қоғамдастық, үкіметтер және басқа да мүдделі тараптар арасындағы мазмұнды диалог пен білім алмасуды дамытуға бағытталған. 5-ші «ЕО-Орталық Азия» азаматтық қоғам форумы – осындай білім мен пікір алмасудың басты алаңы. Бұл алаң – азаматтық қоғам өкілдеріне негізгі сын-қатерлерге қатысты өз көзқарасын білдіріп, шешімдер ұсынып, өңірлік саясатты қалыптастыруға өз үлесін қосуға мүмкіндік беретін кеңістік. Форум басымдықтарын ЕО-тың Орталық Азия бойынша анағұрлым ауқымды стратегиясымен үйлестіре отырып, цифрлық трансформация, климат өзгерісімен күрес, жастардың мемлекет өміріне қатысуы, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту сияқты өңірдің болашағы үшін маңызды барлық мәселелер бойынша ортақ көзқарасты қалыптастыруға жағдай жасалатын болады.
ЮНОПС: Орнықты даму үшін азаматтық қоғамның әлеуетін күшейту
ЮНОПС үшін ЕО-пен бұл серіктестік диалогты жеңілдету туралы ғана емес. Бұл серіктестік бірде-бір қауымдастықты артта қалдырмай Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз ете отырып, азаматтық қоғамның өңірдің болашағын анықтайтын үдерістерге белсенді қатысуына мүмкіндік беру туралы.
ЕО-тың «Орталық Азияға арналған Азаматтық қоғам қорының» мақсаты – азаматтық қоғам ұйымдарының мемлекеттік басқару, өңірлік ынтымақтастық пен орнықты дамуға қатыса алатындай әлеуетін арттыру. Инклюзивті саясатқа жақ ұйымдарды қолдау арқылы ЮНОПС барынша ашық, жауапты әрі қоғам қажеттіліктерін ескеретін мемлекеттік басқаруды қамтамасыз етуге көмегін тигізеді.
Биылғы 5-ші «ЕО-Орталық Азия» азаматтық қоғам форумының тақырыптары – цифрлық трансформация, климат өзгерісімен күрес, жастардың мемлекет өміріне қатысуы және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту – өңірдің дамуы үшін ғана өзекті мәселелер емес, бұл мәселелер қазіргі және алдағы сын-қатерлерге жауап ретіндегі БҰҰ-ның «Біздің ортақ күн тәртібіміз» атты баяндамасында трансформацияға жетелейтін негізгі күш ретінде әлем бойынша мойындалған. Орталық Азияның болашағы азаматтық қоғамның негізгі сын-қатерлерге төтеп беру ісіне белсенді қатысуына байланысты екені анық.
Қазақстанның азаматтық қоғам мен өңірлік ынтымақтастыққа бейілділігі
Биылғы Форумды өткізуші ел - Қазақстан ұзақ уақыт бойы азаматтық қоғамды «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес елдің даму мақсаттарына қол жеткізудегі маңызды одақтас ретінде мойындап келеді. Азаматтық қоғам ашықтық, жауаптылық пен тиімді мемлекеттік басқаруды ілгерілетуде негізгі серіктес саналады. «ЕО-Орталық Азия» азаматтық қоғам форумы сияқты бастамаларды қолдай отырып, Қазақстан өңірлік ынтымақтастық пен инклюзивті дамуға деген өз бейілділігін тағы бір мәрте растайды.
Қазақстанның бұл ұстанымы Орталық Азияның өркендеуі мен инклюзивті дамуы тек ынтымақтастық – үкіметтер, азаматтық қоғам мен халықаралық серіктестер арасындағы ынтымақтастықтың арқасында ғана мүмкін екендігін түсінуіне негізделген. Азаматтық қоғам ұйымдарының әлеуетін күшейту арқылы мемлекет өз азаматтарының өңір болашағын қалыптастыруға белсенді қатысуын қамтамасыз етеді. Қазақстанның азаматтық қоғамның құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге деген бейілділігін оның өңірлік ынтымақтастықты, тиімді мемлекеттік басқару мен инклюзивті дамуға септігін тигізетін бастамаларға көрсетіп келе жатқан қолдауынан анық көріп отырмыз.
Орнықты даму мен тиімді мемлекеттік басқарудың ортақ жолы
Орталық Азия болашаққа бет алғандықтан, өңірдің даму траекториясын қалыптастыруда ЕО, ЮНОПС, БҰҰ-ның басқа да агенттіктері мен Қазақстан және азаматтық қоғам арасындағы үздіксіз ынтымақтастық маңызды болмақ. Азаматтық қоғамың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бұл алдымызға қойған мақсат қана емес, бұл – қажеттілік. Бүкіл азаматтық қоғамның белсенді қатысуы арқылы ғана Орталық Азия тиімді мемлекеттік басқаруды жетілдіріп, орнықты дамуды қамтамасыз етіп, бар елдердің өркендеуіне қол жеткізе алады. Ұжым болып күш жұмылдырған осы істе шешім қабылдау үдерісінің өзегінде әрқашан халық дауысы болмақ. Бұл – Орталық Азияның болашағын өз қауымдастықтары айқындайтындығының кепілі.
Осы маңызды серіктестікке байланысты, Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақтың Төтенше және Өкілетті Елшісі, Алешка Симкич ханымның және БҰҰ-ның Австриядағы көп елдік кеңсесінің уақытша директоры Гюрел Гүркан мырзаның үндеулерін көріңіздер.