Нұр-Сұлтан қаласында Халықаралық әйелдер күніне орай көрме ашылды
Көрмеде Еуропа мен Қазақстанның 28 көрнекті әйелдерінің бейнелері мен тарихтары ұсынылды. Иллюстрациялар өткен жылы Еуропалық Одақтың қолдауымен «Айшолпан» жас өспірім қыздарға арналған халықаралық жобасы аясында жарық көрген «Асыл тұлғалардан шабыт ал» кітабына арнайы жасалған. Ашылу салтанаты аталмыш кітаптың екінші басылымының шығуын да атап өтті.
Іс-шараға дипломаттар, мемлекеттік органдар өкілдері, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі, халықаралық және мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері және елорда тұрғындары қатысты.
Қазақстандағы Еуропалық Одақ Елшісі Кестутис Янкаускас аталмыш көрменің маңыздылығына тоқталды: «Көрмеде бейнеленген әйелдердің әрқайсысы Еуропалық Одақтың бір елін көрсетеді және олардың арасында Қазақстанның көрнекті әйелі, композитор, домбырашы Дина Нұрпейісова бар. Бұл экспозиция арқылы біз гендерлік теңдік мәселесінің маңыздылығын, қазіргі әлемдегі әйелдердің рөлі мен мүмкіндіктерін және әрбір әйел өзінің асыл армандарын жүзеге асыра алатынын атап өткіміз келді».
Нидерланды Корольдігінің Елшісі Андрей Карстенс көрмені ұйымдастыру идеясы «Асыл тұлғалардан шабыт ал» кітабы шыққаннан кейін туындағанын айтты: «Әйелдер мен қыздардың мүмкіндіктерін кеңейту біздің Елшілігіміздің қоғамдық дипломатия бағдарламасы аясындағы басым бағыттарының бірі болып табылады. Мұны істеудің бір жолы - басқаларды және өзімізді шабыттандыру. Бізге кітаптың, әсіресе суретші Әсем Кеңесованың портреттерінің ұнағаны сонша, олар үлкен формат пен нағыз көрмеге лайық деп шештік». Ол сондай-ақ келушілерді портреттері қойылған 28 әйелдің бірі - Нидерландыдан шыққан Алетта Якобсқа назар аударуды сұрады. Алетта Якобс - Нидерландыдағы университет бітірген алғашқы әйел және нидерланд пен халықаралық әйелдер қозғалысының көшбасшысы болды. Сондай-ақ өз заманындағы ең көрнекті бейбітшілік белсенділерінің бірі австриялық Берта фон Зутнерді де атап өтті. Өкінішке орай, бүгін бұл қайтадан қызу тақырыптардың бірі болып табылады.
Сонымен қатар, іс-шарада қоғамның әртүрлі саласында биіктен көріне білген Қазақстанның жас маман әйелдері өздерінің жетістікке жету жолы туралы әңгімелерімен бөлісті. Солардың ішінде - Ботагөз Каукенова, медицина докторы, биолог және Medsupport.kz жобасының басшысы; Меруерт Тлебалды, Ұлттық Паралимпиада Комитетінің паратхэквондо тобының басшысы; және Әсия Ермұхамбетова, химиялық инженерия докторы, Жас зерттеушілер Альянсының тең құрылтайшысы және төрағасы.
Кітаптың электронды нұсқасы: https://eeas.europa.eu/sites/default/files/preview1.pdf
Қосымша ақпарат бойынша:
Еркежан Амриева, коммуникация бойынша маман, Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігі: [email protected](link sends e-mail)
Әмина Құсайынова, қоғаммен байланыс бойынша үйлестіруші, Қазақстандағы Нидерланды Корольдігінің Елшілігі: [email protected]