Еуропалық Одақ - Қазақстан Ынтымақтастық кеңесінің 21-ші отырысы Люксембургте өтті
Қазақстанның бірінші сауда серіктесі және шетелдік инвесторы ретінде ЕО елдегі жүргізіліп жатқан экономикалық реформалар мен саяси жаңғырту үдерісіне толық қолдауын білдірді. ЕО заң үстемдігі, тиімді мемлекеттік басқару мен жемқорлыққа қарсы күрестің іс жүзінде жұмыс істейтін демократия мен шетел инвесторларын тартуға қолайлы іскерлік климатты қалыптастырудағы іргетас екендігін атап өтті.
Сонымен қатар, ЕО пікір білдіру, жиналыстар мен бірлестіктер бостандығының, адвокаттар тәуелсіздігінің, БАҚ плюрализмі мен тәуелсіздігінің маңыздылығына ерекше көңіл бөлді. Азаматтық қоғамның өркендеуі, соның ішінде адам құқықтарын қорғаумен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) мен азаматтық қоғам ұйымдарына (ҚҰҰ) отандық және шетелдік қаржыландыруға кедергісіз қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз ету іргелі мәселелердің бірі.
Жалған ақпарат пен адамның ой-санасын алдап-арбайтын өтірік хабар таратуға байланысты қауіп-қатер де талқыланды. Қазақстанның 2022-2024 жылдардағы БҰҰ Адам құқықтары кеңесіндегі мүшелігіне қатысты ЕО осы алаңда қалыптастырылған берік ынтымақтастық үшін алғысын білдірді.
Қазақстан мен ЕО арасындағы кеңейтілген ынтымақтастық көліктік өзара байланыстылықты, атап айтқанда, ЕО-тың «Жаһандық қақпа» (Global Gateway) стратегиясы аясында Транскаспий көлік дәлізін дамытуды қамтиды. ЕО 2024 жылғы 3-ші қазанда Түрікменстан қаласы Ашхабадта Халықаралық серіктестік жөніндегі Еуропалық Комиссар Ютта Урпилайнен ханымның қатысуымен өткен Транскаспий көлік дәлізін дамыту жөніндегі үйлестіру платформасын іске қосуға арналған жоғары деңгейдегі саяси іс-шараға белсенді қатысқандығы үшін Қазақстанға алғыс білдірді.
Қазақстан мен ЕО Ынтымақтастық кеңесі аясында Әуе қатынасы туралы «деңгейлес келісімді» парафирлеу рәсімін құптап, Келісімге қол қою үшін қажетті жұмыс жақын арада аяқталады деген үміт білдірді.
Екі тарап бірлескен жол картасы арқылы жүзеге асырылып жатқан аса маңызды шикізат саласындағы ынтымақтастықты ерекше атап өтті. Қазақстан мен ЕО 2025-2027 жылдарға арналған жаңа өршіл Жол картасын әзірлеуге ниетті. 2023 жылдың қараша айында өткен ЕО Шикізат апталығына Қазақстанның қатысуы осы салада іскерлік байланыстарды нығайтуға үлкен септігін тигізді. Сонымен қатар, ЕО Қазақстанға осы жылы Минералды шикізат қауіпсіздігі бойынша әріптестік форумына қосылғандығы үшін ризашылығын білдірді.
Қазақстан мен ЕО өкілдері Визалық режимді жеңілдету туралы келісім мен Реадмиссия туралы келісім бойынша келіссөздерді дайындауды жалғастыруға бейілділігін растады.