ЕО мен БҰҰДБ ауғандық әйелдерге арналған академиялық бастаманы дамыту мәселелерін талқылады
2022 жылғы 26 қаңтарда Еуропалық Одақтың (ЕО) Қазақстандағы Елшісі Е.П. Кестутис Янкаускас, БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Еуропа департаментінің директоры Тимур Сұлтанғожин Орталық Азия елдерінің жоғары оқу орындарында ауған әйелдеріне білім беруге бағытталған өңірлік бастама бойынша жыл сайынғы онлайн-кездесуді өткізді. Онлайн-кездесуге сондай-ақ ЕО-ның Өзбекстандағы елшісі Е.П. Шарлотта Адриан, ЕО-ның Қырғызстандағы Өкілдігінің өкілдері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің бастығы Эльмира Асан ханым, Қырғыз Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық және өзара іс-қимыл бөлімінің бастығы Айзада Апышева ханым, Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымының өкілі Мария Доценко ханым, БҰҰДБ-ның Ауғанстандағы, Қазақстандағы, Қырғызстандағы және Өзбекстандағы елдік кеңселерінің қызметкерлері, сондай-ақ академиялық бағдарламаның серіктес университеттерінің өкілдері қатысты. Академиялық стипендия ауған әйелдерін жоғары және кәсіби білім алуда қолдауға бағытталған. Ауған әйелдері үшін білім алуға тең қолжетімділік үшін жағдай жасай отырып, бағдарлама қоғамның бейімделу қабілетін арттыруға және Ауғанстан мен Орталық Азия елдерінде тұрақты даму мақсаттарын ілгерілетуге үлес қосады. Кездесу барысында қатысушылар оның тікелей бенефициарлары өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдар болып табылатын бастаманы алдағы уақытта да қолдауға дайын екендіктерін білдірді. Бастама гендерлік теңдіктің, Ауғанстандағы әйелдер үшін сапалы білімге қол жеткізудің ең өзекті проблемаларын тікелей шешеді, өңірдегі әріптестік пен ынтымақтастыққа, сондай-ақ бейбітшілікті ілгерілетуге және кедейлікті жоюға ықпал етеді. «Біз бәріміз – Орталық Азия елдерінің халқы және Еуропалық Одақ – бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауға ұмтылуда біргеміз», - деп атап өтті ЕО-ның Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаускас. «Адами капиталды инвестициялай отырып, біз ортақ құндылықтарымызға инвестиция саламыз, Еуропа мен Орталық Азия арасындағы және өңір ішіндегі ынтымақтастықты құрамыз және қорғаймыз. Адами капиталды дамыту білім беруден басталады, сондықтан Еуропалық Одақ Ауғанстан халқына адамдар осы қиын кезеңнен өтуі үшін қолдау көрсетуді жалғастырады». 2021 жылы бағдарламаның екінші кезеңі басталды, оның аясында бағдарламаға жаңа қатысушы ел ретінде Қырғыз Республикасы қосылды. Бағдарламаны кеңейту ауған әйелдерінің көпшілігіне қалаған білімі мен академиялық дәрежесін алуға мүмкіндік береді. Бағдарламаның жаңа кезеңі бакалавриат, магистратура бағдарламалары бойынша, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, қаржы/статистика, тау-кен ісі, құрылыс/инженерия, маркетинг, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету сияқты түрлі мамандықтар бойынша TVET (қосымша кәсіптік білім) оқытуды көздейді. Жобаның пилоттық және екінші кезеңін жүзеге асыруға 6 миллион еуро мөлшеріндегі грантты Еуропалық Одақ берді. Бағдарламаны іске асыруды Қазақстандағы БҰҰДБ жүзеге асырады. БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш::«Әйелдер мен қыздар шетте қалмауы керек, ауған әйелдері мен қыздарының құқықтары қорғалуы өте маңызды. Білім беру мүмкіндіктерін ұсыну және Ауғанстан әйелдерін қолдау бағдарламаларының сабақтастығы – бұл өңірдегі бейбітшілікті қолдау мен қазіргі және ұзақ мерзімді дамуға қосқан үлесі». 2019 жылы басталған бағдарламаның пилоттық кезеңі Ауғанстанның 50 әйеліне академиялық стипендия берді. Қазіргі уақытта олар Қазақстан мен Өзбекстанның жоғары оқу орындарында оқиды. Жобаның екінші кезеңінің стипендиаттары онлайн-форматта дайындық тілдік курстарына кірісті. _______________________________________________________________________________Еуропалық Одақ қаржыландыратын және БҰҰДБ іске асыратын бағдарлама ауған әйелдеріне Қазақстан мен Өзбекстанның университеттерінде білім алуға мүмкіндік береді. Бастама Ауғанстан әйелдерінің жоғары білім алуына мүмкіндік жасауға бағытталған. Ауғанстанда ерлермен салыстырғанда әйелдер қоғамда қалыптасқан кедергілерге байланысты жұмысқа орналасуда және білім алуда белгілі бір қиындықтарға тап болады. Жалпы бағдарлама аясында 2027 жылға дейін Орталық Азия университеттерінде 155 әйел білім алады.