Астанадағы #EUBeachCleanup науқанына 300 қатысушы өз үлесін қосты!
Іс-шара барысында Қазақстандағы ЕО Өкілдігінің басшысы, Алешка Симкич ханым: «#EUBeachCleanup науқаны – бұл тек қоқыс жинау ғана емес. Бұл - әрқайсымыздың планетамыз үшін жауапкершілікті мойындауымыз. Әрқайсымыз, ең болмағанда қоқыс тастамай, жақындарымызға жеке экологиялық әрекеттердің маңыздылығы туралы айтып, саяси тұлғаларға таза қоршаған ортаны қамтамасыз ететін саясатты жүзеге асыруға әсер ету арқылы, артымыздын қалдыратын көмірқышқыл газы іздерін азайтуға үлес қоса аламыз. Бірлесе отырып, біз қалдықтармен ластануға қарсы күресіп, ұзақ мерзімді өзгерістер бастауы бола аламыз. Қоғамдар біріккенде, біз Қазақстан мен бүкіл әлем үшін таза және экологиялық тұрақты болашақ құра аламыз», – деп атап өтті.
Эстонияның Қазақстандағы Елшісі Яап Ора мырза Астана қаласының әкімдігіне, жергілікті табиғат белсенділеріне, Қазақстандағы ЕО Өкілдігіне және барлық қатысушыларға Қазақстандағы Дүниежүзілік тазалық күніне қатысқаны үшін алғысын білдірді. «Бұл біздің қоршаған ортаны сақтауға деген ортақ міндетімізді көрсетеді. Биылғы жыл Эстонияда басталған Дүниежүзілік тазалық күні үшін ерекше жыл – 2024 жылдан бастап бұл күн БҰҰ-ның халықаралық күндер күнтізбесіне ресми түрде қосылды. Бұл мойындау оның көрнекілігі мен ықпалын арттыратыны сөзсіз».
Іс-шараға 300-ге жуық адам – олардың қатарында Еуропа, Америка, Азия және Африка елдерінің дипломаттары мен елшілік қызметкерлері, халықаралық ұйымдардың өкілдері және Жер Қоры жастар қоғамдық бірлестігінің мүшелері, сондай-ақ, Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары қатысып, Қарасу өзенінің жағалауын қоқыс пен қалдықтардан тазалап, «Таза Қазақстан» экологиялық науқанына өз үлестерін қосты.
Елде «Таза Қазақстан» атты ауқымды экологиялық акцияның бір бөлігіне айналған Дүниежүзілік тазалық күнін және #EUBeachCleanup науқанын, сондай-ақ, Қазақстанның барлық өңірлері мен қалалары қолдады. Осылайша, бұл науқан бүкіл ел бойынша өткізілетін шараның бір бөлігі болып, тазалықты сақтау бойынша халықтың хабардарлығын арттыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне де үлесін қосты.
Бұл күні эко-әдеттерін көрсеткен Instagram-дағы Reels байқауының жеңімпаздары естелік сыйлықтарға ие болды. Сонымен қатар, қатысушылардың күш-жігерінің арқасында көптеген пластикалық бөтелке жиналып, қайта өңдеуге жіберілді. Іс-шараның соңында қатысушылар флешмобқа қатыса үлкен жүрек пішінін жасау арқылы Жер планетасына деген сүйіспеншіліктерін білдірді.
Бұл маңызды экологиялық іс-шара аясында Нью-Йорктегі БҰҰ кеңсесі мен Астана арасында телекөпір ұйымдастырылды. Тікелей эфирде Let’s Do It World және World Cleanup Day жаһандық желісінің президенті және жетекшісі, ханым Хейди Солба осы науқанның маңыздылығын талқылап, Қазақстанның әлемдік эко-қозғалысқа қатысуын атап өтті.
Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігі мен Қазақстандағы Эстония Елшілігі World Cleanup Day және #EUBeachCleanup акциясына қатысқан барлық серіктестер мен қатысушыларға шексіз алғысын білдіреді!
Анықтама:
World Cleanup Day - миллиондаған еріктілер, үкіметтер мен ұйымдарды біріктіретін ең үлкен жаһандық қозғалыстардың бірі. Өткен жылы 198 ел мен аумақтан 19 068 786 қатысушылардың, сонымен қатар БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің 90%-ның қатысуымен жаңа рекорд орнатылды, әрі World Cleanup Day қозғалысының жыл сайынғы екінші ең жоғарғы көрсеткіштерімен COVID-ке дейінгі қатысу деңгейіне оралды. 2024 жылдан бастап World Cleanup Day БҰҰ-ның ресми күні болып жарияланды, енді жыл сайын 20 қыркүйекте өткізіліп, халықаралық күндер мен апталардың күнтізбесіне енгізілді. Әлемді өзгертетін бұл идея 2008 жылы Эстонияда пайда болды.
#EUBeachCleanup - бұл бүкіл әлемде пластиктің ластануы туралы хабардарлықты арттыру үшін ЕО мен БҰҰ бастаған неғұрлым мақсатты жаһандық науқаны. 2023 жылы #EUBeachCleanup науқаны аясында ұйымдастырылған 555 іс-шарасында әрбір қоныстанған континенттегі 44 елде 45 700 адам жағажайлар мен өзен жағалауларындағы пластик және басқа да қалдықтарды жинастырды.
Өткен жылы біз науқанды бүкіл Қазақстан бойынша өткіздік: қалалық және облыстық әкімдіктер, қоғамдық ұйымдар, дипломатиялық корпус мен халықаралық ұйымдар өкілдері осы игі істе үлкен қолдау көрсетті.
#EUBeachCleanup #WorldCleanupDay #EUBeachCleanup2024 #EU4GreenKZ #ActNow #EUKZECOREELSKZ